Жаңалықтар

Ресей қазақтары ана тіл үшін алаңдайды

9.06.2018

Ұлттық болмысынан ажырап қалмас үшін қандастарымыз тарихи Отанымен тығыз байланыс орнатуға мүдделі. Көрші елде байырғы атамекенінен табан аудармай тығыз қоныстанған қазақ ауылдары жетерлік. Олар жиі бас қосып, ұлттық мейрамдарды атап өтуді де дәстүрге айналдырған. Қазақстан тарапы да оларды назардан тыс қалдырған емес.

Шекаралас жатқан Челябі, Орынбор, Қорған аймағының этникалық қазақтары бүгін кезекті рет Қостанай жерінде бас қосты. "Рухани жаңғыру және ресейлік қазақ диаспорасы. Жаһандану жағдайында ұлттық құндылықты сақтау және жаңғырту" атты форумда өзекті мәселелер талқыланды. "Бізге жеңіл тіл үйрету оқулықтары қажет", – дейді қандастар.

Сәуле Тәйкешова, Орынбор делегациясының өкілі:

– Осы жақтан қызметкерлер келсе, семинарларды жүргізсе, қазақ тілі мұнда тәжірибе жоқ, теория ғана. Оны жүргізу үшін, жасөспірімдерді тарту үшін бізге де үлкен лекция, семинарлар керек. Сонда бүгінде ұмытылып бара жатқан тілімізді жаңғыртуға үлкен ықпалы болар деген ойдамын.

Нәзира Жәрімбетова, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының ҚОФ төрайымы:

– Облыстық тілдерді дамыту басқармасы шетте жүрген ағайындарға арналған тіл үйрету бағдарламасын жасап шығарды. Мұның республикада баламасы жоқ. Тілді ұмытуға болмайды. Дәстүрді ұмытуға болмайды. Қазір жаһандану заманы ешкімді аямайды. Осыны үйрету, осыны түсіндіру. Сол үшін біз ынтымақтаса жұмыс істегіміз келеді.