Жаңалықтар

Қазақстанда ЮНЕСКО-ның бастамасымен І Әлемдік этноспорт ойындары өтеді

15.08.2018

ЮНЕСКО-ның бастамасымен 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындары Қазақстанда ұйымдастырылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды.

12 тамыз күні Түркияның Эрзурум қаласында Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен "Түркі ойындары-2018" фестивалі басталды. Сонымен бірге, 13-15 тамыз аралығында Ыстамбұл қаласында ЮНЕСКО-ның және Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының ұйымдастыруымен "Кешенді ІV косультациялық кеңес отырысы" және "Дәстүрлі спорттар мен ойындар бойынша достық тобы отырысы" атты жиындар өткізілді.

Әлемнің этноспортты дамытушы көптеген мемлекеттерінің жүзден астам өкілдері қатысатын бұл жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері де арнайы шақырту алған болатын. Жалпы жиын қорытындысында, 2021 жылы І Әлемдік этноспорт ойындарының Қазақстан Республикасында ұйымдастырылу мүмкіндігінің басым екендігі айтылды.

2021 жыл – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын мерекелі жыл. Осы мерекелі жылы Астанада жер жаһанның таңдаулы ұлттық ойындары тамашаланатын І Әлемдік этноспорт ойындары ту көтеруі бек мүмкін.