Жаңалықтар

Мәскеудегі дөңгелек үстөл

9.10.2018

Ресей астанасы Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының елшілігі ғимаратында "Жас тұлпар" қазақстандық студенттер бірлестігі және Мәскеуде "Болашақ" бағдарламасымен білім алып жатқан докторанттар мен магистранттардың, сондай-ақ "Қазақ жолы" зияткерлік клубының мүшелері қатысуымен ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ағымдағы жылдың 5 қазанында жарияланған "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауын талқылау үшін дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Биылғы Жолдаудың басты ерекшелігі – Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы мен әл-ауқатын арттыруға басымдық берілгендігінде. Соның ішінде білім саласына қатысты бесінші басымдылыққа ерекше тоқталған жөн. Себебі онда жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейту жайында айтылды. Осы орайда жиын барысында алғашқы болып сөз сөйлеген Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты Сәкен Нұрбеков

"Бүгінде біздің еліміз бүкіл әлемдік қоғамдастыққа өзінің әлеуметтік-экономикалық табыстарымен танымал, белсенді сыртқы саясатымен жоғары халықаралық беделге ие болды. Осыған саятын болсақ биылғы Жолдаудың өткен жылдағылардан ерекшелігі ішкі мәселелердің көтерілуінде", – дейді ғалым.

Оның айтуынша, креативті ойлаушы кадрларды дайындау – бәсекеге қабілеттіліктің шешуші факторы. Осыған байланысты ол Жолдауда айтылған білім, ғылым және денсаулық сақтау шығындарын ЖІӨ-ден 10% - ға дейін жеткізу және "педагог мәртебесі туралы" заңды әзірлеу туралы бастамаларға жоғары баға берді.

Сондай-ақ, жиын барысында Ресей Үкіметі жанындағы заңнама және салыстырмалы құқықтану институтының докторанты Қазбек Дауталиев Жолдауға байланысты өз ойын білдірді: "ХХІ ғасыр-технологиялар мен адами ресурстың даму ғасыры. Жолдауда мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт ретінде ұсынылған Назарбаев Зияткерлік мектептерін оқыту жүйесі мен әдістемесі мектептегі білім беру реформаларының соңғы кезеңі болмақ". 

Айта кетерлік басты жайт – Елбасы Жолдауында келесі 2019 жылды "Жастар жылы" деп атауды ұсынды. Бұл ұсыныс өз кезегінде Мәскеудегі қазақстандық жастарға ерекше әсер етті. Жас буын Елбасы бастамасын еліміздің жарқын болашағына бастар тың серпіліс деп ұқты. Сайып келгенде, мұның барлығы Елбасы атап көрсеткендей табыс пен тұрмыс сапасын көтеру, еліміздің озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы басым бағыттар.

Алдағы уақытта ресейдегі қазақстандық жастар жолдауға қолдау білдіре отырып, білім саласына бағытталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін қызмет ете бермек.

Фотогалерея