Жаңалықтар

Ғарыш кемесі апатын Қазақстан мен Ресейдің үкіметаралық комиссиясы тексереді

11.10.2018

"Союз МС-10" ғарыш кемесінің апатқа ұшырауына байланысты Қазақстан мен Ресей арасында үкіметаралық комиссия құрылады. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты.

"Қалай болғанда да қазақстандық және ресейлік тарап өкілдерінің қатысуымен үкіметтік комиссия құрылады. Оның құрамына барлық мүдделі мемлекеттік органдар кіреді. Оқиға тексеріліп, қорытынды шығарылатын болады", – деді ол.

Оның дерегінше, ғарыш кемелерін ұшыру туралы келісімге сәйкес ресейлік тарап Қазақстанға ғарыш кемелерінің ұшырылу кестесін алдын ала ұсынады.

"Ұшырымға дейінгі 24 сағатта біз ғарыш кемесі ұшып өтетін трасса бойына жұмылдырылуы мүмкін бөлімшелерімізді күшейтілген дайыққа көшіреміз. Қазақстан тарапының күштері мен құрал-жабдықтары Ресей тарапына көмек көрсетуге дайын болды. Алайда Ресей тарапы Қазақстанның құтқару қызметінің көмегінен қажеттіліктің болмауы себепті бас тартты", – деді Владимир Беккер.

Бұған дейін ғарышерлердің дін-аман екендігін, қазіргі уақытта оларды іздеу-құтқару тобы Байқоңыр ғарыш айлағына апара жатқанын, ал ғарыш кемесінің екінші сатысының қай жерге құлағандығы белгісіз екендігін хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, бүгін 14 сағат 40 минут 15 секундта Байқоңыр ғарыш айлағының Гагарин старт алаңынан орбитаға басқарылатын көліктік "Союз МС-10" кемесін алып шығуы тиіс "Союз ФГ" зымыран тасығышы ұшырылды. Бірақ старт берілген соң бірнеше минуттан кейін Роскосмос сайтындағы тікелей көрсетілім үзіліп, диктор "зымыран тасығыштың апатқа ұшырағанын" хабарлаған еді.

"Союз МС-10" кемесінің бортында Роскосмос ғарышкері Алексей Овчинин мен NASA ғарышкері Ник Хейг бар.