Жаңалықтар

Қазалының бау-бақша өнімдері Ресейге экспортталуда

15.09.2017

Қызылорда облысының Қазалы ауданы ақ күріштің ордасы атануымен бірге "Сыр қауыны" деген брендімен де алыс және жақын шет елдерге атағы жайылған өлке. 70 жыл бұрын Бельгияның астанасы – Брюссельдегі халықаралық көрмеде Қазалының қара күләбісі алтын медаль иемденген болатын.

Биыл аудан әкімінің қолдауымен ауылдық округтерде бау-бақша егу жұмыстарын жандандыру ісі қызу қолға алынды. Жыл көлемінде өнімді егуден бастап тұтынушыға жеткізуге дейінгі аралықтағы барлық жұмыстар үйлестірілді. Ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі ойластырылған. Бақша өнімдерін сыртқы экспортқа өткізу мақсатында аудан әкімі бастаған арнайы делегация өткен жылы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында және Ақтөбе қаласында іссапарда болып, Қазалы ауданының әкімдігі мен ресейлік "Kaz-Food" компаниясымен және "Скайленд-94" жабық акционерлік қоғамымен, Ақтөбе облысының аудан әкімдерімен жергілікті өнімдерді өткізу жөнінде меморандумдарға қол қойды.

Нәтижесінде егінмен айналысатын 9 кооператив жыл басынан бері 511 гектар жерден 7300 тонна өнім алған. Осы бау-бақша өнімдерінің 30 тоннасы бүгін Қазалы ауданынан Ресей Федерациясының Орск қаласына жөнелтілді.

Оның 22 тоннасы "Самұрық" және "Майдакөл" кооперативтеріне тиесілі. "Самұрық" кооперативі биыл Ақжона ауылдық округіне қарасты Жалпақ елді мекенінен 6 га жерге қауын-қарбыз ексе, "Майдакөл" кооперативіне 23 адам бірігіп, 60 гектарға бақша өнімдерін еккен.

Қалған 8 тонна қауын түрлері "АгроОптСервис" ЖШС директоры Бекболат Бибалаевтікі. Жеке кәсіпкер биыл индустриялдық аймақтан өнім сақтау қоймасын салу жобасын жүзеге асырмақ.

Жалпы, осы уақытқа дейін Қазалы ауданынан 190 тонна бау-бақша өнімдері экспортқа шығарылған. Қазалы өнімдері Ресей Федерациясының Мәскеу, Орск қалаларынан өзге Ақтөбе, Ақтау, Атырау мен Арал, Байқоңыр, Түркістан, Жезқазған қалалары мен аудандарына да жөнелтілуде.

Сонымен қатар, халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы Әйтеке би кентінен бау-бақша өнімдері сатылатын бес орын белгіленіп, шатырлар орналастырылды. Енді кент тұрғындары өздері тұратын аймақтарда жергілікті бақша өнімдерін тиімді бағаға сатып ала алады. Жергілікті шаруалардың өнімдерін насихаттау мақсатында Қызылорда мен Астана қалаларында және аудан орталығында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкелері ұйымдастырылуда. Онда қазалылық жергілікті өнімдер халыққа нарықтан төмен бағада ұсынылып келеді.