Жаңалықтар

СҚО-да "Ресей-Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты" атты фестиваль өтті

21.11.2017

"Ресей-Қазақстан – мәңгілік достықтың қос қанаты" атты халықаралық фестиваль аясында қала тұрғындары Ямал-Ненец автономиялық округін қоныстанған халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениетімен жанжақты танысты.

Бүгінде аталмыш округте жарты миллионға жуық халық тұрса, үштен бірі ненец, ханты, селькуп секілді жергілікті тұрғындар. Олар негізінен бұғы және балық шаруашылығымен айналысады. Санының аздығына қарамастан салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын берік ұстанатынын шара анық байқатты. Оның аясында Сібірдің ұсақ ұлттары жайлы деректі фильмдер көрсетіліп, дастарқанға ұлттық тағамдар қойылды.

Делегация жетекшісі, округ үкіметі басшысының орынбасары Елена Рудковскаяның айтуынша, Солтүстік Қазақстан мен Ямал-Ненец автономиясы арасындағы тұрақты байланыс 2011 жылдан бері жалғасып келеді. Осы аралықта екі тарап арасында көптеген достық, мәдени жобалар жүзеге асырылған. Делегация мүшелерінің бірі Константин Ямзиннің әке-шешесі саналы ғұмырында көшпелі өмір салтын ұстанып, кейін балаларына аманаттаған. Ол бұғы өсіру кәсібі­мен шұғылданып қана қоймай, ескілікті құндылықтарды да жанына серік еткен. Бақсы-шамандардан қалған музыкалық аспапты жақсы меңгерген. Ресейдің қиян түкпірінде тұрса да, озық жетістіктерден хабары мол. Сібірді суық, сұсты десеңіздер қателесесіздер. Әр жердің қайталанбайтын табиғаты, өзіне тән тылсым сырлары болады. Ямал-Ненец – сондай аймақ дейді ол жылы жымиып.

Жұртшылық назарына бұғы терісінен тігілген неше түрлі бұйымдар да ұсынылды. Қай-қайсысы болсын көздің жауын алады.

Дастарқан мәзіріне қақталған бұғы еті, шұжығы, балықтың алуан түрлері мен уылдырықтар қойы­лып, көпшілік дәм татты.

Ресейдің алыс түкпірінде орналасқанына қарамастан округтің өркениет көшіне ілесіп келе жатқаны сүйсінтеді. Орталығы Салехард мұнайлы қала саналады. Басқа да пайдалы қазбалар өндірілетіндіктен, өнімдеріне деген сұраныс жоғары көрінеді.

Халықаралық байқау аясында ұйымдастырылған фотокөрмелердің, картиналардың, әдеби туындылардың да тағылымы мол болды.