EXPO-2017 Астанада


logo_r_kz
ukash türkiye |

EXPO-2017 Астанада


Қазақстанның қазіргі уақытта ең басты назар аударып отырған негізгі жобаларының бірі – EXPO-2017 халықаралық көрмесінің Астанада өтуі. Мұндай ауқымды шараны еліміздің астанасында ұйымдастыру туралы Мемлекет басшысы бастама көтерді.

2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЕХРО-2017  көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті. 2012 жылғы 14 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында ХКБ-нің сарапшылар комиссиясымен кездесу өткізіп, оның аясында ЕХРО-2017  көрмесін өткізу біздің еліміз үшін ұлттық жоба болып табылатынын ерекше атап өтті.
2012 жылғы 12 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының Бас ассамблеясында 151-ші отырысында Астананың ресми таныстырылымы болып өтті. Жиынның басында делегаттарға Қазақстан Президентінің арнайы бейнеүндеуі жолданды. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Астана жеңіп шыққан жағдайда, жобаның табысты жүзеге асырылуы үшін барынша күш-жігерін жұмсайтынына жеке кепілдік берді. EXPO-2017 шарасын өткізуші ел туралы ХКБ-нің нақты шешімі 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-нің 157 мүше елдерінің дауыс беру жолымен шығарылатын болады. Қазіргі уақытта Астананың басты бәсекелесі Бельгияның Льеж қаласы болып табылады.

ЕХРО көрмесі әлемдегі ең айтулы және беделді көрмелер алаңы болып саналады. ЕХРО көрмесін миллиондаған туристер тамашалайды, сондықтан әрбір ел өз мәдениетіндегі ұлттық өзіндік ерекшеліктерін танытатын және өздерінің экономикалық және технологиялық дамуының деңгейін бүкіл әлемге көрсететін бірегей павильон құруға ұмтылады.

Қазақстан 1997 жылдан бастап Халықаралық көрмелер бюросына мүше ел болып табылады және ЕХРО көрмелеріне 2005 жылдан бастап қатысып келеді. Испанияның Сарагоса ЕХРО-2008 көрмесінің қорытындысы бойынша  «C» категориялы 104 қатысушы ел ішінде, біздің еліміздің павильоны сыртқы және ішкі рәсімдеу өлшемдері бойынша қола медальмен марапатталды.

Халықаралық көрмені өткізу құқығына ие болу біздің мемлекетіміздің жоғары мәртебесі мен беделінің әлемдік қоғамдастыққа танылуына және Қазақстанның халықаралық деңгейде алға жылжуына ықпал ететін болады. Мұндай ауқымды іс-шараны өткізу шағын және орта бизнестің дамуына елеулі серпін береді. Көрме елорданың көрмелер объектілері құрылысы мен инфрақұрылымына едәуір жеке меншік инвестицияны тартуға мүмкіндік туғызады.

Сонымен қатар, іс-шара Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы танымалдығын және туристік тартымдылығын арттырады. ЕХРО көрмесін өткізу кезінде Астана қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі мәдениеттер үніне толады. Көрменің аумағында күн сайын концерттер, шоу, ұлттық күндер және өзге де ойын-сауық іс-шаралары өтетін болады. Астанадағы ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өткізілген алғашқы көрме болмақ.

Астанадағы халықаралық көрменің негізгі тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталмақ. Ол әлемдік қоғамдастықты толғандырып отырған қазіргі заманғы ең өзекті және маңызды мәселердің бірі ­– энергетикалық ресурстарды орнықты пайдалану тақырыбын қозғайды. Энергияның баламалы көздерін пайдалану әлемдік қоғамдастықта көптен бері талқыланып келеді. Техногендік апаттың салдарлары барған сайын ауыр бола түсуде және мейлінше болжаусыз болуда, Экологиялық таза, қауіпсіз және жеңіл жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың өзектілігі жыл сайын артып келеді.

Қазақстан әлемдік энергетиканы инновациялық дамытуға өз үлесін қосу және Астанаға баламалы энергетика саласындағы ең үздік идеялар мен әзірлемелерді жинау ниетінде. Бұл тақырып ең үздік әлемдік энегрия сақтау технологиясын, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді бар баламалы энергия көздерін пайдалануда жаңа әзірлемелер мен технологияны кеңінен ұсынуға мүмкіндік береді. Астана осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналуы мүмкін. Көрме сондай-ақ елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін береді.

Жеңіп шыққан жағдайда, Астанадағы «EXPO-2017» көрмесі 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатыса алады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр.

EXPO Бүкіләлемдік әмбебап көрмесі – маңызы жағынан дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы бойынша ең танымал әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстармен салыстыруға тұрарлық жаhандық ауқымдағы оқиға.

1851 жылы Лондонда өткен бірінші Бүкіләлемдік өнеркәсіп көрмесінен бастау алған EXPO халықаралық көрмесі әр жыл сайын зор танымалдыққа ие болып, барлық қатысушыларға әлемнің экономикалық, технологиялық және мәдени жетістіктерімен танысуға тамаша мүмкіндіктер беріп келеді. Көрме сондай-ақ әлемнің түрлі елінің көп қырлы тәжірибесін көрсету, инновациялық идеялармен интенсивті алмасу және болашаққа қатысты ұжымдық көзқарас мүмкіндіктерін сенімді көрсету үшін ерекше алаң болып табылады.

Астананың ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге өтінімінің ресми сайты.

akorda_kz

poslanie20121214_kz

flag_kz