Жаңалықтар

Мәскеуде Наурыз мерекесі тойланды

23.03.2022

Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіндегі "Қазақстан" павильонында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің ұйымдастыруымен Наурызға арналған мерекелік шара өтті.

Бұл павильонда ХХ ғасырдың ортасындағы тарихи келбеті қайтарылған ауқымды қалпына келтіруден кейін өткізілген алғашқы көлемді іс-шара.

Іс-шараға Мәскеудегі шет мемлекеттердің елшілері, ресейлік ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев өзінің құттықтау сөзінде Наурыз мейрамын рухани бай мұрамыздың жарқын нышаны, бірегей ұлттық код, ұрпақтар сабақтастығы, жаңару мен жаңа өмірге ұмтылыстың жарқын символы деп атады. Ол Наурыз мейрамы бейбітшілік пен мейірімділікті бейнелейтін, қуаныш пен сүйіспеншілікке толы, терең философиялық және жаһандық мәдени мәні бар бірлік пен келісім мерекесі, достық пен өзара сыйластықты нығайта түсетін шынайы жалпыхалықтық мереке екенін атап өтті.

Қонақтар мерекелік әдет-ғұрыптардың алуан түрлілігін көріп, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, заманауи қазақ өнерінің сұлулығы мен байлығын бейнелейтін қызықты және алуан түрлі мәдени бағдарламаны тамашалады.

"Сарыарқа" ансамблінің, Құрманғазы атындағы Астрахан облыстық мәдениет орталығының жеке орындаушыларының, "Pianopolis" жастар концерттік бірлестігі мүшелерінің және Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің балалар шығармашылық ұжымының өнерлері көрермендерді бей-жай қалдырмады.

Наурыз мейрамы өте жоғары деңгейде өтті және қазақ мәдениетінің бір бөлігімен бірге Мәскеуге көктемгі жылулық, жағымды көңіл-күй мен жарқын үміт әкелді.