Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл

Мәскеуде Қазақстан-Ресей қатынасының 30 жылдығы қорытындыланды

23.09.2022

Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына арналған "Қазақстан – Ресей: достық пен стратегиялық серіктестіктің 30 жылдығы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Бірінші панельдік секцияда екі елдің дипломатиялық ведомстволарының өкілдері мен Мәскеуде тіркелген шет мемлекеттердің Елшілері сөз сөйледі.

Отырысты ашқан Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ректоры Анатолий Торкунов соңғы 30 жылда екі мемлекет бір-біріне қарап, 1990 жылдардағы объективті қиындықтарды еңсеріп, үдемелі әлеуметтік-экономикалық даму траекториясына түскенін, ынтымақтастық екіжақты және көпжақты форматта кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Ресей Қазақстанның қазіргі заманның маңызды мәселелері бойынша халықаралық бастамаларын жоғары бағалайды. Қазақстан жаһандық конфессияаралық диалогке ықпал етуде, атап айтқанда, жақында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жоғары деңгейдегі VII съезі табысты өтті.

Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев 30 жыл бойы Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы тұрақтылық пен серпінділік танытқанын, оның негізінде теңдік, егемендікті өзара құрметтеу, шекаралардың мызғымастығы, бір-бірінің ұлттық мүдделерін ескеру және сындарлы диалог сияқты құндылықтар жатқан достық пен тату көршілік байланыстары жоғары деңгейде қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, екі мемлекет басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынас жетекші рөл атқаратыны сөзсіз.

РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Андрей Руденко Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы 30 жылмен шектелмейтінін, олар әлдеқайда терең, бірнеше ғасырларды қамтитынын, кең-байтақ еуразиялық кеңістік аясында біздің халықтарымыз арасындағы туысқандық сезімдер жалпы жағдайда қалыптасқанын еске салды. Ол бүгінде Қазақстан мен Ресей тең құқықты одақтастық қатынастар мен өзара тиімді интеграциялық әріптестік құрып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты, дипломат "Байқоңыр" ғарыш айлағынан басқарылатын "Союз МС-22" ғарыш кемесінің ұшырылуын дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығы символикасы және "Ресей мен Қазақстан: болашаққа бағытталған одақ" ұранының символы деп атады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Астана Мәскеумен стратегиялық серіктестік пен одақтастықты жоғары бағалайтынын атап өтті. Ол соңғы жылдары екі ел басшыларының жетекшілігімен қалыптасқан екіжақты және көпжақты ынтымақтастық аясында серіктестік бұдан да нығая түскенін атап өтіп, стратегиялық серіктестіктің серпіні жыл сайын жоғарылай түсетініне сенім білдірді.

РФ СІМ ТМД Үшінші департаменті директорының орынбасары Александр Мусиенко қазан айының ортасында Астанада өтетін ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысы аясында "Ресей – Орталық Азия" бірінші саммитіне дайындық барысы туралы айтты және оның сәтті өткізілетініне сенім білдірді.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саясатты талдау және болжау департаментінің директоры Дәурен Кәріпов Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Ресей Қазақстанның ең жақын досы және ең жақсы көршісі болғанын және солай болып қала беретінін еске салды. Оның айтуынша, елдер арасындағы қарым-қатынас еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі болып табылатын екіжақты және интеграциялық өзара іс-қимылдың табысты әрі тиімді моделі болып табылады. Сондайөақ, ол Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының сараптамалық қоғамдастықтары арасындағы пікір алмасу екіжақты қарым-қатынастың жай-күйіне байсалды қарауға ғана емес, ең бастысы, одан әрі дамуы үшін жаңа көкжиектер ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Тақырыпты Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов жалғастырды. Оның пікірінше, біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін олардың арасындағы диалогтың ең тиімді байланыс нүктелерін айқындайтын шынайы тиімді байланыс арнасына айналдыру сарапшыларға байланысты. Маңызды міндеттердің ішінде ол қоғамдық қабылдауда теріс із қалдыратын әр түрлі жалған және стереотиптерге тосқауыл қою қажеттілігін атады.

Талқылауға басқа елдердің дипломаттары да қосылды.

Атап айтқанда, Түркіменстанның Ресейдегі Елшісі Батыр Ниязлиев екі мемлекетті дипломатиялық қарым-қатынастың мерейтойымен құттықтады. "Түркіменстан үшін Қазақстан мен Ресей географиялық жақын және достас мемлекеттер ғана емес, біздің еліміз бен халқымызды көп ғасырлық тату көршілік, бауырластық, мәдени дәстүрлер, ортақ негізгі құндылықтар біріктіреді. Бүгінде Түркіменстан Қазақстан және Ресеймен бірлесіп, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заманауи қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы тұру бойынша белсенді саясат жүргізіп жатыр", – деді дипломат.

Өз кезегінде Молдованың Ресейдегі және Қазақстандағы Елшісі Лилиан Дарий екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың мерейтойымен құттықтап, екі ел халқының мүддесі үшін одан әрі ілгері дамуын тіледі.

Екінші панельдік секция барысында жетекші қазақстандық және ресейлік ғалымдар мен сарапшылар екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады.

"Альтернатива" заманауи зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев әр түрлі жағдайлар нәтижесінде бір-бірін теріс қабылдаудан аулақ болу үшін Қазақстан-Ресей бірыңғай ақпараттық күн тәртібінің қажеттігі туралы мәлімдеді. Осыған байланысты ол екіжақты қарым-қатынас тарихындағы "ақтаңдақтарды" зерттеу үшін тарихшылар конференциясын өткізуді ұсынды.

Ресей ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының Посткеңестік зерттеулер орталығының Орталық Азия секторының меңгерушісі Дина Малышева Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы одақтастыққа бет бұрып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың сапалы жаңа деңгейіне көтерілгенін, алдағы уақытта бұл деңгейді сақтау аса маңызды екенін атап өтті.

Ресейлік журналист, саясаттанушы Аркадий Дубнов Қазақстанды Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ең маңызды одақтасы және серіктесі, кең байтақ кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіндегі ядролық буын деп атады. Сарапшылық деңгейде толыққанды өзара әрекеттесу үшін ол қазақстандық қатысушыларды ресейлік телевидение ток-шоуларына шақыруды ұсынды.

"Астана" халықаралық университетінің Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Таисия Мармонтова зерттеулердің нәтижелерін келтірді, оған сәйкес, Қазақстан-Ресей қатынастары құрылымындағы сарапшылар қауымдастығы отын-энергетика кешені, еңбек көші-қоны, мәдениет және спорт, білім мен өндіріс саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына үлкен орын береді, алайда, IT-технологиялар, медицина, инфрақұрылым, туризм сияқты салаларда өзара іс-қимылды күшейту қажет.

Конференцияны қорытындылай келе, оған қатысушылар Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, ынтымақтастық әлеуеті таусылған жоқ және оны одан әрі дамыту үшін мүмкіндіктер жоғары. Атап айтқанда, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы күресте бірлескен күш-жігерге ықпал ететін ғылыми және сараптамалық диалогты күшейту қажет.