Жаңалықтар

РФ Президентінің көмекшісі қазақстандық наградаға ие болды

19.02.2019

Бүгін Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов РФ Президентінің көмекшісі Юрий Ушаковқа IІ дәрежелі "Достық" орденін тапсырды.

Марапаттау рәсімі барысында дипломатиялық миссия басшысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен "Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін" ресейлік саясаткер жоғары наградаға лайық екенін хабарлады.

Өз кезегінде, Юрий Ушаков жоғары награда үшін Қазақстан басшылығына алғысын білдіріп, әріптестермен бірге елдер арасындағы бауырлас қатынастарды, мемлекет басшылары арасындағы достықты дамыту мен нығайту үшін қолынан келгенше қызмет атқаратына сендірді.

"Достық" ордені – Қазақстан Республикасыныӊ жоғары наградаларыныӊ бірі. Бұл орденмен қоғамдағы ұлтаралық және азаматтық татулықты сақтауда жемісті жұмыс атқарған, халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға еӊбек сіӊірген азаматтар марапатталады.