Жаңалықтар

Мәскеуде "Астана Опера" театрына беделді BraVo сыйлығы табысталды

20.03.2019

Классикалық өнер саласындағы Халықаралық кәсіби музыкалық «BraVo» сыйлығының екінші салтанатты табыстау рәсімі өтті. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлады.

"Астана Опера" театры "Жылдың театр алаңы" аталымы бойынша көшбасшысы атанды. Театрға марапатты РФ мәдениет министрі В.Мединский табыс етті.

"Астана Опера" театрының ұжымы BraVo сыйлығын беру туралы жаңалықты ерекше қуанышпен қабыл алды. Сарапшылар мен халықаралық музыкалық қоғамның құрметіне ие болу, біз үшін үлкен мәртебе. Беделді марапат «Астана Опера» ұжымын жаңа жетістіктерге шабыттандыра түседі деп сенемін, әртістеріміздің қажырлы еңбегіне көрермендер бірауыздан «жарайсыңдар!» деп баға береді деген үміттеміз. Тағы да барлықтарыңызға үлкен рақмет. Баршаңызға бейбітшілік, келісім мен шығармашылық табыстар тілейміз", - деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Астана Опера" МОБТ директоры Ғалым Ахмедьяров.

Осы кеште Үлкен театр сахнасынан қазақстандық опера жұлдызы, "Большая опера" ресейлік жобасының жеңімпазы Салтанат Ахметованың әсем дауысы сыңғырлап, ол Ш.Гуноның «Ромео мен Джульетта» операсынан Джульеттаның вальсін орындады. Сонымен қатар, әккі көрерменнің алдында көрнекті опера орындаушылары, атақты жұлдыздар өнер көрсетті: Витторио Григоло (Vittorio Grigolo), Анджела Георгиу (Angela Gheorghiu), Алессандро Сафина (Alessandro Safina) және т.б. Салтанатты кешті дирижер Павел Клиничевтің жетекшілігіндегі Үлкен театрдың хоры мен оркестрі сүйемелдеді. Есімдері әлемге әйгілі голливуд актері Джон Траволта (John Travolta) мен ағылшын актрисасы Хелен Миррен (Helen Mirren) BraVo сыйлығын табыстау рәсімінің арнайы қонақтары болды.

BraVo сыйлығының басқа музыкалық жүлделерден өзгешілігі – Еуразия құрлығының ондаған елін қамтитын теңдессіз ауқымдылығы.