Жаңалықтар

Қазақтың музыкалық мұрасын нотаға түсірген А.Затаевичтің туғанына 150 жыл

12.10.2019

Қазақтың ескі әндерін жиып-теріп, ұрпаққа мол қазына сыйлаған Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл.

Ол қазақтың бай музыкалық мұрасын нотаға алғаш түсірген өнер қайраткері. Зерттеушінің өлшеусіз еңбегі "Әлем халықтарының музыкасы" атты халықаралық конференцияда айтылды. Жиынға екі елдің музыка танушыларымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Болгария және Өзбекстан елдерінің де өкілдері қатысты.

Александр Соколов, Мәскеу мемлекеттік консерваториясының ректоры:

– Фольклор – әлемде, әсіресе, Орталық Азияда жоғалып бара жатқан жанр. Ата-бабамыздан мирас болып қалған мұрадан бір-ақ сәтте айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан Ресей мен Қазақстан оны сақтауда үлгі екенін айтқым келеді.

Айман Мұсақожева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры:

– Затаевичтің біздің композиторларымыздың шығармаларындағы ролі өте зор. Ол қазақ халқының мың әнін жинап, кітап етіп шығарды. Композиторларымыз осы еңбекті пайдаланып опера, балет, симфония жазуға мүмкіндік алды.