Жаңалықтар

Ресейдегі қазақстандықтар Мәжіліс сайлауында дауыс берді

10.01.2021

Бүгін Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі жанындағы №265 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау өтті.

Дауыс беру еліміздің Мемлекеттік Әнұранын орындаумен салтанатты түрде ашылды.

Қазақстан азаматтары Мәскеумен қатар, Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбыдағы ҚР Бас консулдықтарының жанынан құрылған сайлау учаскелерінде де дауыс берді.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін өтті.

Сайлау учаскесіне келген кезде өзімен бірге Қазақстан Республикасы азаматының паспорты немесе жеке куәлігі болуы қажет.

Сайлау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып өткізілді. Кіреберісте температуралық бақылау ұйымдастырылып, сайлаушылар маска, қолғап, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді және әлеуметтік арақашықтық сақталды.

Елшілік Мәскеудегі учаскеде дауыс беру бойынша мәтіндік хабар таратты

20:00. Мәскеуде дауыс беру аяқталды. Сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санау жұмысына кірісті. Мәскеудегі сайлау учаскесі бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 50,3 % (587 адам) дауыс берді.

18:45. Бүгін Мәскеуде қазақстандық танымал театр және кино актрисасы Айсұлу Әзімбаева да дауыс берді. "Дауыс беру, билікті таңдау құқығы – демократиялық және тәуелсіз қоғамның негізі болып табылады, – деп атап өтті ол. – Менің ойымша, әрбір қазақстандық, әсіресе, жас ұрпақ сайлаудың қалай өтетінін біліп, ұғынуы және түсінуі тиіс. Сайлауға келе отырып, мен өзімнің азаматтық парызымды орындадым және уақыт өте келе біз, Қазақстан халқы, жоғары демократиялық деңгейге жетіп, неғұрлым берік, орнықты, сенімді, еститін, ең бастысы, халық пен билік арасындағы байланысты түсіне алатын ел боламыз деп үміттенемін. Мен өзімнің қазақстандық екеніме мақтанудың миллион себебін табамын, бірақ мұндай себептердің миллиардқа жетуі мүмкін екеніне сенімдімін. Елде барлығы жарқын және әділ болсын".

16:50. Әскери университеттің екінші курс курсанты Дәулет Рамазанов бірінші рет сайлауда дауыс берді. "Бұл менің азаматтық парызым. Мақсатым орындалды. Барлық сайлаушыларға сәттілік тілеймін", – дейді Дәулет әскери адамға лайықты қысқа да нұсқа.

16:20. Ресей астанасында жергілікті уақытпен сағат 16:20-де 344 сайлаушы дауыс берді.

16:00. Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов бүгінгі сайлауды қазақстандық парламентаризмді дамыту және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформаларды іске асыру жолындағы маңызды кезең деп бағалады. "Сайлауға бес партия қатысады. Әр партияның тізімінде лайықты кандидаттар бар, олар қазақстандық қоғамның әлеуметтік және саяси топтарының әртүрлі спектрін ұсынады. Сондықтан, бүгін біздің азаматтарымызда нақты таңдау мүмкіндігі бар", – деп атап өтті Тимур Жақсылықов. Оның айтуынша, әйелдер мен жастарға арналған сайлау тізімдеріндегі отыз пайыздық квота туралы заң Мемлекет басшысының өте маңызды бастамасы, ол жастар мен әйелдерді ел өміріне белсенді тартуға, азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған. "Бүгінгі сайлаудың басты ерекшелігі – көппартиялылық пен саяси плюрализмді дамыту. Нәтижесінде біз бір партиялы емес, көп партиялы Парламентке қол жеткізетінімізге сенімдімін. Мәжілістің жаңа құрамында көптеген жаңа лайықты есімдерді көреміз", – деп түйіндеді ЕЭК министрі.

15:00. Ресей астанасында жергілікті уақытпен сағат 15:00-де 307 сайлаушы дауыс берді.

13:00. Мәскеудегі сайлау учаскесінде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттердiң Парламентаралық Ассамблеясының миссиясынан бақылаушы Андрей Брыксенков сайлауды өткізудегі жағымды атмосфера мен тыныш жағдайды атап өтті. "Сайлаушылардың эмоцияға берілмей, дұрыс шешім қабылдай отырып дауыс беруі, тұтастай алғанда, елдің болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан, Елшілікте көріп отырғанымыздай, мұндай сайлауды өткізу жоғары мәнге ие болады",  деп түсіндіре кетті. Оның бағалауы бойынша, сайлау учаскесінде барлық санитарлық жағдай талаптары сақталған. Бақылаушы, сонымен қатар, сайлау комиссиясының ұлттық заңнама және халықаралық талаптардың барлық нормаларын сақтау тұрғысынан кәсіби біліктіліктерінің жоғары екендігін атап өтті. Андрей Брыксенков сайлаудың заңдылығына, ашықтығына және демократиялық жағдайына сенім білдірді. "Бақылаушылар үшін толық қолжетімділік қамтамасыз етілді, сайлау комитетінің мүшелері барлық қажетті ақпаратты дер кезінді ұсынып отырды. Комиссия жұмысына біздің тарапымыздан қандай да бір ескертулер жоқ", – деп түйіндеді ол.

12:00. Бүгін Мәскеуде тұратын қазақстандық мәдениет саласының өкілдері де өздерінің азаматтық борыштарын орындады. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті, Халықаралық байқаулардың лауреаты Руслан Турунтаев алғашқы рет дауыс беріп отыр. "Мен Мәскеуде оқып жүріп, дауыс беру мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. Меніңше, еліміздің әрбір азаматы дауыс беруі керек және әркімнің өз таңдау құқығы бар", – деп өз пікірін білдірді.

10:00. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің кеңесші-өкілі Еркін Тұқымов хабарлағандай, Ресей астанасында жергілікті уақытпен сағат 10:00-де 174 сайлаушы дауыс берді. Оның айтуынша, азаматтардың белсенділігі жоғары, дауыс беру қалыпты жағдайда өтіп жатыр.

08.00. Мәскеуде алғашқылардың бірі болып Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы жанындағы Тұрақты кеңестің ҚР атынан Өкілетті өкілі Жәнібек Иманалиев келді. "Бүгін өте маңызды және айтулы күн. Себебі біз болашаққа таңдау жасаймыз, – деп атап өтті ол. – Күрделі сыртқы саяси жағдай мен уақытша экономикалық қиындықтар аясында қазіргі сайлау біздің қоғам үшін елдің одан әрі дамуына мүмкіндік беретін маңызды факторға айналуы керек. Сондай-ақ, бүгінгі сайлау Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатыр. Мәжілістің жаңа құрамы мен жергілікті депутаттардың алдында Елбасының стратегиялық бағытын дамыту және Президент бастамаларын іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Барша қазақстандықтарды бүгін сайлауға келіп, дауыс беруге шақырамын".

07:10. Жексенбі күніне қарамастан, алғашқы сайлаушылар Елшілік ғимаратының алдында сағат таңғы 6-дан бастап жиналды. "Мен бүгін өзімнің азаматтық парызымды орындауға келдім. Дәл қазіргі сәтте Отанымнан жырақта жүрмін. Мәскеуде оқыдым, қазір осында жұмыс істеймін. Өтіп жатқан Мәжіліс сайлауы Қазақстанның одан әрі дамуын айқындайды. Отанымыздың болашағы берілген әрбір дауысқа байланысты. Сондықтан барша қазақстандықтарды бүгін сайлауға келіп, дауыс беруге шақырамын", – деді бірінші болып дауыс берген сайлаушы Әділ Сариев.

07.00. Дауыс беру еліміздің Мемлекеттік Әнұранын орындаумен салтанатты түрде ашылды.