Жаңалықтар

Астрахан облысы мен Қазақстан: ынтымақтастық әлеуеті сарқылған жоқ

10.09.2021

Астрахан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев облыс губернаторы Игорь Бабушкинмен кездесті.

Тараптар ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады. Күзде Көкшетауда өтетін өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында шекаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Игорь Бабушкин Қазақстанды Астрахан облысының негізгі шетелдік серіктестерінің бірі деп атады. Қазіргі уақытта ынтымақтастық әр түрлі салаларда жүзеге асуда: сауда, өнеркәсіп, көлік, логистика, мәдениет, туризм, медицина және білім. Пандемияға қарамастан, Қазақстан мен Астрахан облысы арасындағы тауар айналымы бірінші жартыжылдықта 8,2 миллион АҚШ долларын құрады. Облыста қазақстандық капиталдың қатысуымен 34 кәсіпорын тіркелген.

Кездесуге қатысушылар екіжақты байланыстардың әлеуеті сарқылмайтынын және оларды нығайтуға жақсы мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Астрахан облысының кеме жасайтын кәсіпорындарының тәжірибесін ескере отырып, өндірістік кооперация жобаларын дамыту бойынша кеме жасау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Сонымен қатар, туризм саласындағы өзара іс-қимыл, атап айтқанда, Ақтау портына кіре отырып, Каспий теңізі бойынша круиздік рейстерді ұйымдастыру маңызды бағыт болып табылады.

Сапар барысында Ермек Көшербаев ҚР Астрахан қаласындағы Бас консулдығының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. 2003 жылы құрылған ол Ресейде ғана емес, ТМД елдерінде ашылған Қазақстанның бірінші консулдық мекемелерінің бірі болды. Елші оның жұмыс істеген жылдарында Астрахан облысы мен бүкіл консулдық округінің ынтымақтастығы айтарлықтай нығайды, бұл іскерлік байланыстардың едәуір артуында және өзара сауданың өсуінде көрініс тапқанын атап өтті.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды дамуда. Атап айтар болсақ, өзара гастрольдік қызмет жүзеге асырылуда, 2005 жылдан бастап Володар ауданының Алтынжар ауылында Құрманғазы атындағы өңірлік мәдени орталық жұмыс істейді, Астрахан облысының жоғары және орта оқу орындарында 1,5 мыңға жуық қазақстандық білім алуда.

Сонымен қатар, бұл аймақта Ресейдегі ең ірі қазақ диаспорасы тұрады. Ермек Көшербаев облыс басшылығы мен тұрғындарына ондаған ғасырлар бойы осында тұрып жатқан ұлт өкілдері арасындағы бейбітшілікті, келісім мен өзара түсіністікті жан-жақты қолдағаны үшін ризашылығын білдірді.