Жаңалықтар

Волгоград облысында қазақстандық жауынгерлерді еске алу шарасы өтті

8.05.2022

Жеңіс күні қарсаңында Волгоград облысында Ұлы Отан соғысы жылдарында осы жерде шайқасқан қазақстандықтарды еске алу шаралары өтті.

Мамаев Кургандағы Мәңгілік алауға және "Сталинградты қорғауда ерлікпен шайқасқан және қаһармандықпен қаза тапқан қазақстандықтар" стеласында Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, Қазақстан Республикасының Астрахань қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қызметкерлері гүл шоқтарын қойды.

Қала үшін шайқасқа Қазақстанда жасақталған 9 дивизиядан 100 мыңға жуық қазақстандық қатысты, олардың көпшілігі ерлікпен қаза тауып, осында мәңгілікке қалды. Бірнеше жыл бұрын Городищенск ауданында волгоградтық іздеушілер 65 сарбаздың қалдықтары бар шұңқырды тапты, содан кейін олар Россошанский зиратында қайта жерленді. Іздеушілер олардың арасында республикада жасақталған дивизиялардың бірінің қазақ сарбаздары да бар екенін анықтады.

Жауынгерлердің бірі Азамат Қазиевті еске алуға оның жалғыз қызы Маржан да келді. Оның айтуынша, көптеген жылдар бойғы іздестіру жұмыстары, барлық ықтимал мұрағаттарға сұрау салу, құпия емес құжаттармен тынымсыз жұмыс және іздеушілермен келіссөздер нәтижесінде әкесінің нақты жерленген орнын табуға мүмкіндік берді.

Соңғы 30 жыл ішінде жергілікті іздеушілер үш мыңға жуық әскердің сүйегін тапты. Оның ішінде 300 қазақстандық анықталды. Алайда тағы мыңдаған қандастарымыз Волгоград жерінде қалып отыр. Қазақстандық және ресейлік іздеушілердің жауынгерлердің сүйектерін табу бойынша бірлескен жұмысы әрі қарай жалғасатын болады.