Жаңалықтар

Қазақстанға Омбы облысының бизнес делегациясы келді

18.05.2022

Омбы облысы экономика министрінің орынбасары Константин Чуловский бастаған делегацияның Нұр-Сұлтанға сапары барысында ауыл шаруашылығы, машина жасау, білім беру секілді кең ауқымды салалардағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Шараны Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ қолдауымен "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырды.

Сапар аясында екі елдің 60-қа жуық компаниялары қатысқан «Кәсіпкерлердің байланыс биржасы» өтті. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің өкілдерімен екіжақты кездесулер ұйымдастырылды.

Қонақтар атап өткендей, Қазақстанда қолайлы инвестициялық ахуал мен бизнесті дамытуға жағдай жасалған. Омбы делегациясына инвестицияны қолдау саласындағы жаңа мемлекеттік шаралар, Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарының мүмкіндіктері, сондай-ақ елдің басым салалардағы потенциалы таныстырылды.

Іс-шараны ашқан Константин Чуловский Қазақстанның экономикалық өсу қарқынын, жоғары инвестициялық тартымдылығын оң бағалап, ресейлік бизнес тарапынан қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Ол Омбы облысы мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 380 млн доллардан асқанын айтып – республика Омбы өңірі үшін нөмірі бірінші серіктес болып табылатын алға тартты.

"KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ өкілі Алтынай Мұқанова Қазақстандағы бизнес-климат, сондай-ақ оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ол сондай-ақ өз сөзінде іс-шараға қатысушыларды Қазақстанның экономикалық дамуындағы жетістіктерімен, Қазақстан-Ресей сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалық бағыттарымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің елдегі инвестициялық климатты одан әрі жетілдіру бойынша қабылдап жатқан шараларымен таныстырды.

Өз тарапынан Омбы компанияларының өкілдері жиналғандарды өздерінің қызмет аясымен таныстырып, Қазақстан-Ресей инвестициялық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты көзқарасын ұсынды, сондай-ақ жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.

Омбы делегациясының Нұр-Сұлтанға сапары аясында Омбы аграрлық ғылыми орталығы мен "Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы" КЕАҚ арасында келіссөздер жүргізілді. Қонақтар А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болып, олар дәнді, бұршақ, көпжылдық шөптер мен картоп өсіру және тұқым шаруашылығы тәжірибесімен, сондай-ақ, экологиялық таза әдістер мен энергия үнемдейтін техникалық құралдар негізінде астық, бұршақ және мал азықтық дақылдардың агротехнологияларын жетілдірумен танысты.

Омбы делегациясының "Astana Invest" басшылығымен кездесуі барысында Омбылық компаниялармен, атап айтқанда "Омбы электромеханикалық зауыты" АҚ және "BIORESURS" ЖШҚ, бірлескен кәсіпорындар құруға мүдделі қазақстандық компаниялардың тізімін дайындау туралы келісімге қол жеткізілді.

Анықтама үшін:

Омбы облысының экономикасының негізін мұнай өңдеу, химия және мұнай химиясы, машина жасау және металл өңдеу, энергетикалық кешен, азық-түлік өндірісі, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы құрайды. Облыстың жалпы өңірлік өнімі құрылымындағы өнеркәсіп өндірісінің үлесі 40 пайызға жуық. Ең ірі өнеркәсіп кәсіпорындары: "Газпромнефть-ОНПЗ" АҚ, "Полёт" ӨБ – "М.Хруничев атындағы ГКНПТ" Федералдық мемлекеттік унитарлық кәсіпорнының филиалы, "Титан" компаниялар тобы" АҚ, "П.И.Баранов атындағы Омбы автоқұрылыс бірлестігі" филиалы, "Салют" газтурбиналық инжиниринг ҒТК" АҚ, "Омсктехуглерод" ЖШҚ, "Омскшина" ЖАҚ, "Омбы құбыр оқшаулау зауыты" ЖШҚ Омбы облысының ауыл шаруашылығы жоғары дамыған сала болып табылады. Онда жалпы өңірлік өнімнің 10 пайызға жуығы жасалады. Өсімдік шаруашылығында өндіріс үлесі шамамен 55%, мал шаруашылығында 45% құрайды. Өсімдік шаруашылығында бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ дақылдары, картоп және көкөністер өндірісі басым. Мал шаруашылығында ет, сүт және асыл тұқымды мал шаруашылығы, шошқа мен құс шаруашылығы алдыңғы қатарда.