Жаңалықтар

Ресейлік сарапшылар Қазақстандағы референдум нәтижелерін талқылады

6.06.2022

Бүгін Мәскеуде Қазақстан Елшілігінде белгілі ресейлік сарапшылар мен саясаттанушылардың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті.

Отырысты ашқан Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Ермек Көшербаев жиналғандарды Орталық сайлау комиссиясы жариялаған плебисциттің алдын ала қорытындыларымен таныстырды. Сандық мәліметтерге сүйенсек, оған дауыс беру құқығы бар азаматтардың 68,06% қатысты. Конституцияға өзгертулер енгізуді 77,18% қолдаса, 18,66% қарсы болған. Ол қабылданған түзетулер азаматтардың мүдделерінен туындайтынын, мемлекеттіліктің негіздерін түбегейлі жаңартатынын, ел дамуының жаңа кезеңінің іргетасын қалайтынын, барлық мемлекеттік модельдің тиімділігін арттыратынын атап өтті. Оның айтуынша, өзгерістердің әсерін әрбір қазақстандық сезінуі керек.

Журналист, саясаттанушы Аркадий Дубнов Мәжілісті бір мандатты округтер бойынша 30 пайыз сайлау туралы түзетуді маңызды деп атады. "Бұл сайлауға жеке қатысуға мүмкіндік береді. Қазір партиялардың құрылуы және тіркелуі бұрынғыға қарағанда оңайырақ, ал адамдардың өз қалауын білдіріп, ұйымдастыра алатыны керемет",  деп атап өтті сарапшы. Сондай-ақ, ол дауыс берудің шынайылығы мен ашықтығына назар аударды.

Соңғы пікірді Ресей ғылым академиясының Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар ұлттық ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Алексей Малашенко қолдады. Оның айтуынша, Қазақстан басшылығы плебисциттің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салған. "Референдум тарихи оқиға болды. Ел дамуының қалай жүретіні, референдумнан кейінгі саяси қызметтің қандай сипат алатыны бәріміз үшін өте маңызды. Республикадағы қазіргі және болашақтағы өзгерістер қайтымсыз. Бұл басқа бірқатар мемлекеттерге ұқсамайтын қозғалысты тоқтату мүмкін емес",  деп атап өтті саясаттанушы.

Посткеңестік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері Аза Мигранян әлеуметтік-экономикалық аспектіге тоқталды. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында ол жер мен табиғи ресурстардың ендігі жерде халық иесі деген норманың енгізілуін, сондай-ақ референдум күні елден заңсыз шығарылған ақшаны қайтаратын комиссияның құрылуын атады. Ғалым Қазақстанға экономикалық құралдар арқылы жүзеге асырылатын өзгерістерді іске асыруды тіледі.

Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Халықаралық зерттеулер институтының Саяси элиталарды зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Андрей Казанцев референдумды сәтті өтті деп санайды, өйткені дауыс берушілердің үштен екісі және одан да көп қолдау туралы негізгі әлеуметтік талап орындалды. Оның айтуынша, конституциялық реформа Қазақстанның одан әрі табысты дамуына жағдай жасайды: неопатримониализмді еңсеру, парламенттік республика элементтерін енгізу, азаматтардың көбірек өкілдік ету мүмкіндіктері, заңдылықты кеңейту сияқты өзгерістер заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап береді.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Посткеңестік кеңістіктегі қоғамдық-саяси процестерді зерттеу ақпараттық-талдау орталығының директоры Дарья Чижова Референдум қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін ел басшылығына халықтың сенімін арттыру міндетін орындағанын еске салды (қазақстандықтар реформаларды қолдауға дайын, оларды іске асыру үшін барлық мүмкіндіктер бар).

Оның орынбасары Александра Перминова Ресейдің Қазақстанның тұрақты болуына мүдделі екенін атап өтті. "Тұрақтылыққа ұмтылу прогреске қарсылық па деген сұрақ туындайды. Әрине, жоқ. Өзгерістердің эволюциялық және революциялық екі жолы бар екенін бәріміз білеміз. Қазақстан дағдарыстан аман өтті. Енді ел дамуының жаңа кезеңі ешбір сілкініссіз өтеді деп сенгім келеді",  деді ол.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, оған қатысушылар Конституциялық реформаны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған ауқымды әлеуметтік-экономикалық реформалардың заңды жалғасы деп атады. Олардың негізгі мақсаты елді одан әрі демократияландыру, адал және ашық саяси бәсекелестік, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін кешенді күшейту, Үкімет жұмысының тиімділігін арттыру болады.