Жаңалықтар

ҚР РФ Елшілігінде Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесу өтті

31.01.2023

Мәскеудегі Қазақстан Елшілігінде ҚР РФ Елшісі Ермек Көшербаев РФ жетекші жоғары оқу орындарының басшыларымен кездесті.

Кездесуге "Мәскеу болат және қорытпалар институты" Ұлттық ғылыми-зерттеу технологиялық университетінің ректоры Алевтина Черникова, Ресей халықтар достығы университетінің ректоры Олег Хостребов, И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің ректоры Виктор Мартынов, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтының (университетінің) бірінші проректоры Геннадий Толстопятенко, "Мәскеу инженерлік физика институты" Ұлттық зерттеу ядролық университетінің халықаралық стратегия және даму жөніндегі проректоры Дмитрий Савкин қатысты.

Тараптар стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқан білім беру саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына жоғары баға берді.

Аталған жоғары оқу орындарында қазақстандық студенттерді оқыту және Қазақстан Республикасының азаматтары үшін білім беру квотасын ұлғайту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, қыркүйек айында Алматы қаласында ашылған "МИФИ" Ұлттық зерттеу ядролық университетінің және Атырау қаласында ашылған И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалдардың жұмыс істеуінің түрлі бағыттары да сөз болды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды арттыру, тағылымдамадан өту және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру арқылы тәжірибе алмасуды жандандыруға келісті.