8-925-897-71-14
8-921-188-90-60
8-905-020-30-42
8-968-100-73-06
+7-906-177-70-88
+7-939-919-76-33
Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Конституцияға сәйкес, біздің ел өзін адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандығы ең қымбат қазынасы саналатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады.
Қазақстан тәуелсіздігін 1991 жылы 16 желтоқсанда алды. Ел астанасы – Астана қаласы. Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі мәртебесіне ие. Ақша бірлігі – теңге.
Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекеттің басшысы, оның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, сонымен қатар, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы. Президент – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының нышаны және кепілі.
Заң шығару қызметін тұрақты негізде жұмыс жасайтын екі палатадан – Сенаттан және Мәжілістен тұратын Қазақстан Республикасының Парламенті жүзеге асырады.
Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
Мəжіліс конституциялық заңда белгіленген тəртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Қазіргі уақытта Мәжілісте алты партия – "Аманат" партиясы, Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы, Respublica партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілеттілік етеді.
Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі – алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Әшімбаев Мәулен Сағатханұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы
1971 жылғы 28 қаңтарда туған.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және Тафтс университетінің Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебін (АҚШ) бітірген. Экономист – политэкономия мұғалімі, халықаралық қатынастар магистрі. Саяси ғылымдарының кандидаты.
1993 – 1994 жылдары Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің жүйесінде жұмыс істеген.
1994 жылғы мамыр – 1995 жылғы наурыз аралығында – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі депутатының көмекшісі.
1995 жылғы маусым – қараша аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының консультанты.
1995 жылғы қараша – 1999 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Сараптау және стратегиялық зерттеулер орталығының бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, басшысының бірінші орынбасары.
1999 жылғы сәуір – 2000 жылғы мамыр аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі.
2000 жылғы мамыр – 2002 жылғы ақпан аралығында – Қауіпсіздік Кеңесі Сараптау орталығының меңгерушісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2002 жылғы ақпан – 2005 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институтының директоры.
2005 жылғы мамыр – 2006 жылғы сәуір аралығында – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары.
2006 жылғы сәуір – 2011 жылғы қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары.
2012 жылғы қаңтар – 2018 жылғы ақпан аралығында –бесінші, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.
2018 жылғы ақпан – 2019 жылғы маусым аралығында – «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
2019 жылғы шілде – желтоқсан айларында – Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі.
2019 жылғы желтоқсан – 2020 жылғы мамыр аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
2020 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды, алтыншы шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы болып сайланды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Қошанов Ерлан Жақанұлы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы
1962 жылы Қарағанды облысында туған.
1984 жылы Қарағанды политехникалық институтын бітірді. 1999 жылы – Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірді.
Институт бітірген соң Жезқазған кен-металлургия комбинаты байыту фабрикасының слесары, шебері болып істеді.
1988-1990 жж. – жұмыскер және ауыл жастары бөлімінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жезқазған облыстық жастар проблемаларының әлеуметтік-экономикалық бөлімінің меңгерушісі.
1990-1995 жж. – Жезқазған облыстық комитетінің сыртқы экономикалық байланыс комитетінің жетекші маманы, бөлім бастығы, төрағасының орынбасары, төрағасы.
1995-1999 жж. – Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты.
1999-2001 жж. – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2001-2003 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2003-2006 жж. – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі.
2006-2007 жж. – Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитетінің төрағасы.
2007-2012 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі Басшысының орынбасары – Қазақстан Республикасының Парламентіндегі ҚР Үкіметінің өкілі.
2012-2017 жж. – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы.
2017-2019 жж. – Қарағанды облысының әкімі.
2019-2022 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы.
2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 7-сайланым Төрағасы болып сайланды.
2023 жылғы 29 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің 8-сайланым Төрағасы болып сайланды.
І дәрежелі «Барыс» (2021), «Парасат» (2013), «Құрмет» (2007) ордендерімен және мерекелік медальдармен марапатталған.
Қазақ, орыс, неміс тілдерін меңгерген.
Қазақстан Республикасының Үкіметі
Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушылық билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне жетекшілік жасайды.
Бектенов Олжас Абайұлы - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген (2001).
Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасы бөлімінің бас маманы ретінде бастаған.
2005-2006 жылдары – ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы.
2006-2009 жылдары – ҚР Президентінің Әкімшілігінде қызмет істеді.
2009-2012 жылдары – ҚР Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары.
2012-2014 жылдары – ҚР Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы.
2015-2016 жылдары – Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы хатшылығының меңгерушісі.
2016-2017 жылдары – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы.
2017-2018 жылдары – Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
2018-2019 жылдары – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары.
2019-2022 жылдары – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары.
2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін – Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы.
2023 жылдың 3 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.
2024 жылғы 6 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып тағайындалды.
ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен наградталған.
Әкімшілік-аумақтық құрылымы бойынша ел 17 облыс және республикалық маңызы бар 3 қалаға бөлінеді:
Қазақстан тұрғындарының саны 2024 жылдың 1 қыркүйекке 20 201 849 адамды құрады. 2024 жылдың басындағы Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша: қазақтар – 70,98%, орыстар – 14,89%, өзбектер – 3,3%, украиндар – 1,88%, ұйғырлар – 1,51%, немістер – 1,12%, татарлар - 1,11%, әзербайжандар – 0,76%, корейлер – 0,6%, түріктер – 0,45% және дүнгендер – 0,42%.
Қазақстан Еуразия құрлығының ортасында орналасқан. Алып жатқан жер көлемі 2 млн. 724,9 мың шаршы шақырым, еліміз әлем елдері арасында аумағы бойынша тоғызыншы орында. Солтүстігі мен батысында еліміз Ресеймен – 7 591 шақырым (әлемде құрғақтағы ең ұзын үзіліссіз шекара), шығысында Қытаймен – 1 783 шақырым, оңтүстігінде Қырғызстанмен – 1 242 шақырым, Өзбекстанмен – 2 351 шақырым және Түркіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі. Құрғақтағы шекарасының жалпы ұзындығы – 13 200 шақырым. Оған қоса, республиканың құрлық ішіндегі теңіздері – Каспий және Арал теңіздері бар. Қазақстан – Әлемдік мұхитпен тікелей жалғаспайтын әлемдегі ең ірі ел.
Ел аумағының ауқымды бөлігін – 44%-ын шөлдер және 14%-ын шөлейтті жерлер алып жатыр. Далалық жерлер Қазақстан аумағының 26%-ын, орман-тоғайлар 5,5%-ын құрайды. Қазақстанда 8,5 мың өзен бар. Каспий акваториясының солтүстік-шығыс бөлігі республика шегіне кіреді. Арал теңізі Қазақстан мен Өзбекстан арасында бөлінген. Қазақстанда үлкен және шағын 48000 көл бар. Оның ең ірілері – Арал теңізі, Балқаш, Зайсан және Алакөл.
Мұхиттардан алыстығына байланысты елдің ауа райы күрт континентальды болып келеді. Қаңтардағы орташа ауа температурасы − солтүстікте -19 °C-дан оңтүстігінде -2 °C-ға дейін, шілдедегі орташа ауа температурасы − солтүстікте +19 °C-дан оңтүстігінде +28 °C-ға дейін. Жаз мезгілі ыстық және құрғақ, қысы суық және қарлы.
Қазақстан Республикасы – экономикалық өсімінің негізгі көзінің бірі пайдалы қазбалар өндіру болып саналатын индустриялық ел. Еліміздің минералдық-шикізаттық базасы 5000-нан астам кен орнынан құралады, олардың болжамды құны ондаған триллион АҚШ долларына бағаланады. Республика әлемде мырыш, вольфрам және бариттің барланған қоры бойынша – бірінші орын, күміс, қорғасын және хромит қоры бойынша – екінші, мыс және флюорит бойынша – үшінші, молибденнен – төртінші, алтын қоры жөнінен алтыншы орын алады.
Сонымен қатар, Қазақстан батыс облыстарда шоғырланған мұнай мен газдың айтарлықтай мол қорына ие. Ел жылына 80 миллион тоннадан астам мұнай және газ конденсатын алатын әлемдегі ірі мұнай өндіруші мемлекеттер қатарына жатады. Қазақстанның Энергетика министрлігі 2023 жылы мұнай өндіру 90,5 млн.тоннаны құрайды деп күтеді, оның 71 млн. тоннасын экспортқа жіберу жоспарлануда. Бүгінде Қазақстан анықталған мұнай қоры жөнінен әлемде 9-орында тұр. Оған қоса республикамыз ранг жөніндегі әлемдік табелде көмір қоры бойынша – 8 және уран қоры бойынша 2-орын алады.
Дәстүрлі түрде елде ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан әлемдегі ең жетекші астық экспорттаушылар ондығына кіреді және ұн экспорттаудан да көш бастаушылардың бірі саналады. Егін шаруашылығы солтүстікте дамыған – егістіктің 70 %-ы бидай, арпа, тары сияқты дәнді және техникалық дақылдарға тиесілі. Елдің оңтүстігінде күріш, мақта, темекі өсіріледі. Сонымен қатар, Қазақстан өзінің бауларымен, жүзімдіктерімен және бақша өнімдерімен де мәлім. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы мал шаруашылығы болып саналады. Мал шаруашылығының негізгі бағыттары – қой, жылқы, түйе, ірі қара мал шаруашылығы және шошқа өсіру. Сонымен бірге, республикада құс шаруашылығы мен балық шаруашылығы да дамыған.
Қысқа тарихи мерзім ішінде – тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 15 есеге – 700 АҚШ долларынан 10 500 мың долларға дейін өсті. Бұл – тіпті қарыштап даму үстіндегі оңтүстік-шығыс азиялық «жолбарыстармен» салыстырғанда да ғаламат нәтиже. Британдық мамандардың бағалауынша, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы ең қарқынды 25 дамушы экономика арасынан Қазақстан тек Қытай мен Катарды ғана алға салып, 3-орын алады. Бүкіләлемдік банктің жіктемесіне сәйкес, республикамыз табыс деңгейі орташадан жоғары елдер тобына енді.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 400 млрд. доллардан астам шетел инвестициясы тартылды. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы халықаралық резервтер $89,7 млрд құрады. Ұлттық қордың активтері $55,8 млрд дейін өсті.
2023 жылғы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы рекордтық деңгейге жетіп, 139,8 млрд АҚШ долларын құрады. Экспортталатын басты тауарлар – кен өндіру, отын-энергетика, металлургия және химия өнеркәсіптерінің, сондай-ақ астық индустриясының өнімдері. Республиканың сауда саласындағы негізгі серіктестері – Ресей, Қытай, Еуропа және ТМД мемлекеттері.
Экономиканы әртараптандыру шеңберінде елде Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаға сәйкес, бүкіл ел бойынша бұрынғы кәсіпорындар мен өндіріс орындары жаңғыртылып, жаңалары ашылуда.
Қазақстан "Жаңа Жібек жолы" атты ауқымды жобаны жүзеге асыруда, ол елдің құрлықтағы басты байланыстырушы буын ретіндегі тарихи рөлін жаңғыртып, оны өңірдің аса ірі іскерлік және транзиттік хабына – Еуропа мен Азия арасындағы өзіндік көпірге айналдыруға тиіс.
Елдің айрықша әсем ландшафттық байлығы мен бірегей мәдени-тарихи мұрасын дамудың жаңа мүмкіндіктерінің айналдыра алатын Қазақстанның туристік кластері де айтарлықтай әлеуетке ие болып отыр.
Елде жаппай әлеуметтік жаңғырту жұмыстары жасалуда – жаңа мектептер, кәсіптік колледждер және университеттер салынуда, заманауи медициналық емхана мен ауруханалар ашылуда, халықты әлеуметтік қолдау жүйесі жетілдірілуде.
Қазақстан – Ұлы дала көшпенділері мемлекеттік құрылымдарының тарихи мұрагері болып саналатын және біртіндеп олардың баста геосаяси мұратын – Еуразиядағы ықпалдастыққа, бейбітшілік пен жасампаздықтың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға ықпал етуді жүзеге асырып келе жатқан, өзіндік төлтума мәдениеті мен тарихы аса бай ел.
Бүгінгі таңда республикада 130 этнос өкілі өмір сүреді, ұлтаралық қарым-қатынастардың үйлесімділігі жөніндегі консультативтік-кеңесшілік орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы табысты жұмыс жасауда. Астанада 2022 жылы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті, оның жұмысына шамамен әлемнің 50 елінен 100 делегация қатысты, оның ішінде Франциск Рим Папасы. Жыл сайын 2008 жылдан бастап Астана экономикалық форумы бүкіл әлемнің жетекші экономистерінің, талдаушылары мен сарапшыларының басын қосып келеді. Астана мен Алматыда 2011 жылдың басында Қысқы Азия ойындары табысты өтті. Ел құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Еліміз Орталық Азиядағы көшбасшы бола отырып, өңірдегі тұрақтылықтың нығаюына үлкен үлес қосуда. Республикаәлемдік деңгейде де зор табыстарға қол жеткізіп келеді. Мұны Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі мен 2010 жылғы желтоқсан айында Астанада осы беделді халықаралық ұйымның саммитінің өтуі дәлелдейді. АӨСШК – ЕҚЫҰ-ның азиялық баламасы жобасын іске қосу елдің маңызды бастамасына айналды. Қазақстанның ислам әлемдегі жетекші ұйым – ИЫҰ төрағасы ретіндегі жасампаз қызметі де оң баға алды. Сонымен қатар, еліміз жаһандық антиядролық қозғалыста жалпыға мойындалған көшбасшы болып саналады. Жалпы, Қазақстан бүгінде халықаралық іргелі ұйымдар – ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО және өзге де ұйымдар аясында түрлі әріптес мемлекеттермен өзара белсенді ықпалдастық жүргізуде.
2010 жылғы шілдеде Беларусь, Қазақстан және Ресейдің Кеден одағы, ал 2012 жылғы 1 қаңтардан Біртұтас экономикалық кеңістік жұмысын бастады. 2015 жылдың 1 қаңтарына Еуразиялық экономикалық одақ күшіне енді. Бұл бірлестіктер мүше мемлекеттердің экономикасының тиімді дамуына және тұрғындарының тұрмыс деңгейін тауар, қызмет, қаржы және адам капиталының үш ел шекарасы арқылы еркін қозғалысы қағидаты негізінде арттыруға бағытталған.
Экономиканың барлық саласындағы тұрақты өсім, халықаралық деңгейде мойындалу, саяси тұрақтылық қазіргі Қазақстан қоғамының өсіп-өркендеуінің негізіне айналып отыр. Бүгінгі Қазақстан – өз топырағының асыл дәстүрлерін ардақ тұтатын, кемел болашаққа қадам басқан жасампаз ел.
20 ақпан 2018 ж. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев латын негізіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті
Қазақстан Республикасының Конституциясы "конституциялық құрылымды күштеп өзгерту, республикасынң тұтастығын бұзу, мемлекеттің қауіпсіздігіне қауіп төндіру, әлеуметтік, ұлттық, діни арандатушылық" сынды әрекеттерден ада қозғалыстар, партиялар мен қауымдастықтар құқықтарына кепілдік береді. Партия мен қоғамдық бірлестіктердің жұмыстарына мемлекеттің араласуына жол берілмейді.
Конституциялық реформа аясында саяси партияларды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Атап айтқанда, партия мүшелерінің санына қатысты талап өзгерді. Оның төменгі шегі төрт есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді.
Қазақстанда ресми тіркелген 7 саяси партия бар:
Елімізде 18 конфессияны қамтитын 3961 діни бірлестік тіркелген: 2813 - исламдық, 347 - православие, 93 - католик, 593 - протестант, 61 - Ехоба куәгерлері, 23 - Жаңа апостолдық шіркеу, 13 - Кришна санасы қоғамы, 7 - иудаизм, 6 - бахаи, 2 - буддизм, 2 - соңғы күнгі әулиелер Иса Мәсіхтің шіркеуі (мормондар), 1 - муниттер.
Жалпы діни ғимарат саны – 3753, оның ішінде: 2824 - мешіт, 301 - православие шіркеуі, 115 - католик шіркеуі, 421 - протестанттық ғибадат үйі, 56 - Ехоба куәгерлерінің ғибадат үйі, 24 - Жаңа апостол шіркеуінің үйі, 6 - синагог, 2 - Бахаи ғибадат үйлері, 3 - «Кришна санасы қоғамы»ДБ ғибадатханалары, 1 - буддисттік ғибадатхана.
Ресми түрде 400 миссионер тіркелген, олардың 360 – шетелдіктер, 40 – Қазақстан Республикасының азаматтары (cенімдер контексінде: католиктер - 245, елуінші күн шіркеуі - 60, мормондар – 24, Кришна санасы қоғамы - 23, пресвитериандық шіркеу - 22, православтар - 11, баптистер - 5, Жаңа апостолдық шіркеу - 4, Жетінші күн адвентистері - 3, иудаизм - 2, буддистер – 1).
2024 жылғы 2 тоқсанның қорытындысы бойынша діни қызмет саласында 57 әкімшілік құқық бұзушылық деректері анықталған, оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 453, 489-баптары бойынша құқық қорғау органдары және өңірлік Дін істері басқармаларымен 15 факт анықталды.
Бүгінгі күні уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметі, ең алдымен, әкімшілік шараларды барынша азайта отырып, алдын алу-профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына шоғырландырылған.
Дін мәселелері бойынша құрамында 2823 маманы бар 229 өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс атқарады.
Жыл басынан бастап АТТ дәріскерлері 794 мыңнан астам адамның қамтылуымен шамамен 27 мың іс–шара өткізілді.
АТТ қызметі ең алдымен халықтың мақсатты санаттарына жастар, сенушілер, жұмыссыздар, сотталғандар және олардың отбасы мүшелері, жеке кәсіп орындардың қызметкерлері, сауда, қызмет көрсету және т.б. бағытталған.
2024 жылғы 2 тоқсанда дінтану сараптамасы жүргізілген 996 материалдың 595 – оң, 175 – теріс қорытынды берілді. Сондай-ақ, 226 материал діни емес, шет тілдерінде және ақаулы екендігі анықталды.
397 интернет-ресурстың мазмұны талданды, олардың ішінен құқыққа қарсы сипаттағы материалдарды қамтитын 123 интернет-ресурс сілтемесі анықталды.
2024 жылғы 2 тоқсандағы жағдай бойынша елімізде 14 рухани оқу орны бар. Ондағы студенттердің жалпы саны - 4862 адам.
Анықтама ретінде: Исламдық бағыт - 12 («Нұр-Мүбарак» университеті - 1, медресе колледжі - 9, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру ислам институты - 1, ҚМДБ қарасты Хусамуддин әс-Сығанақи атындағы ислам институты - 1).
Христиандық бағыт - 2 (Алматы Православиелік рухани семинария және Қарағандыдағы Жоғарғы епархияаралық «Мария – Шіркеудің Анасы» рухани Семинариясы).